Қызылордада қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған тренинг өтті
Қызылорда облысында қызметкерлердің кәсіби даярлығы мен рухани беріктігін арттыруға бағытталған тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі патрульдік полиция батальонының инспектор-психологы жеке құрамға Алғыс айту күніне орай арнайы психологиялық тренинг өткізді.
28 ақпан күні өткен шараның басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби қызметке деген ынтасын арттырып, моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайту, сондай-ақ олардың психо-эмоционалдық жағдайын жақсарту арқылы жағымды жұмыс атмосферасын қалыптастыру болды.
Тренинг барысында қызметкерлердің көңіл-күйін көтеруге, ұжымдық ауызбіршілікті нығайтуға және ортақ мақсатқа жұмылдыруға бағытталған түрлі әдістер қолданылды. «Сәлемдесу», «Энерджайзер» сергіту жаттығулары, сондай-ақ көшбасшылық қабілеттерді айқындауға арналған «Бес жұлдыз» тренингі ұйымдастырылды. Қатысушылар бойындағы жағымсыз эмоциялардан арылып, қызметке деген сүйіспеншілігін арттыруға мүмкіндік алды.
Полиция қызметкерлері тренинг барысында өздерін еркін әрі белсенді сезініп, командалық жұмыстарда жоғары ұйымшылдық танытты. Әсіресе «Біз – офицерміз!» деген ұстанымды берік ұстана отырып, кез келген экстремалды жағдайда дайын екендіктерін көрсетті.
Іс-шараға Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының 60 қызметкері қатысты. Қатысушылар алдағы уақытта осындай рөлдік ойындар мен психологиялық тренингтердің тұрақты түрде өткізіліп тұруын ұсынды.
Бұл бастама – құқық қорғау қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін ғана емес, олардың моральдық және рухани беріктігін де нығайтуға бағытталған маңызды қадам.