Қызылордада шетелдіктерге QR-коды бар туристік карталар таратылды
Қызылордада шетелдік туристердің қауіпсіздігі күшейтілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен елімізде шетелдік туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың Қазақстан аумағында еркін әрі қауіпсіз жүруіне жағдай жасау мақсатында safeTravel.kz мобильді сайты іске қосылды.
Осы орайда Қызылорда облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы өңірге келген шетелдік азаматтарға арнайы QR-коды бар туристік карталарды тарату жұмыстарын белсенді жүргізуде. Бұл карталарда туристерге қажет барлық маңызды ақпарат – шұғыл байланыстар, қауіпсіздік ережелері, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділік тәсілдері көрсетілген.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлесе отырып, халыққа қызмет көрсету орталықтарында туристік карталар шетелдіктерге қызмет көрсету барысында таратылып, сайтпен жұмыс істеу тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ХҚКО-ларда safetravel.kz сайтына кіру тәсілдері жазылған QR-коды бар стендтер орнатылған.
Қала және аудандық полиция бөлімдерінде шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеу жалғасуда. Облыс жолдарында шетелдік жүргізушілермен байланыс кезінде полиция қызметкерлері сайт туралы қысқаша ақпарат берілген карточкалар таратуда.