Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтарға жаңа жыл мерекесі өткізілді

Қызылордада сотталған азаматтарға жаңа жыл мерекесі өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінде орта білім алып жүрген сотталған азаматтарға арналған "Ғажайып жаңа жыл" атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Шараны кешкі мектеп мұғалімдері өткізді.

Мерекелік кеш барысында кешкі мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Ташкенбай Насибеков сөз сөйлеп, білім алушыларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, алдағы уақытта оқуларына табыс тіледі. Сонымен қатар мекеме бастығының орынбасары Жеңіс Ернияз шараға қатысып, сотталған азаматтарды тәртіп сақтауға және білім алуға ынталандырды.

Іс-шара барысында мұғалімдер түрлі ойындар мен танымдық тапсырмалар ұйымдастырып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік кеш сотталған азаматтардың жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуына мүмкіндік берді. Қазіргі таңда аталмыш мекемеде орта білімі жоқ 12 сотталған азамат кешкі мектепте білім алуда. Шара соңында білім алушы сотталған азаматтардың бірі өз әсерімен бөлісті.

– Мұндай шаралар бізге үлкен рухани қолдау береді. Қателігімізді түсініп, өмірімізді өзгертуге, білім алуға деген ынтамыз арта түседі. Бас бостандығынан айыру орнында отырсақ та, жаңа жылдық көңіл күйіміз көтерілді. Осындай мерекелік шаралар бізге үміт сыйлап, болашаққа деген сенімімізді арттырады. Ұстаздарға және мекеме басшылығына алғысымыз шексіз, – деді ол.

Аталған іс-шара сотталған азаматтардың қайта әлеуметтенуіне және білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру