Қызылордада сотталған азаматтарға арт-терапия әдісі арқылы өзін-өзі тану тренингі өтті
Қызылордада сотталған азаматтарға арт-терапия әдісі арқылы өзін-өзі тану тренингі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде психолог Ақгүл Аманованың ұйымдастыруымен сотталған азаматтарға арналған психологиялық арт-терапия тренингі өткізілді.
Тренингтің басты мақсаты – жазасын өтеушілердің ішкі жан дүниесін танып, эмоцияларын шығармашылық жолмен білдіруге, өз-өзіне деген сенімділікті арттыруға және қоғамға оң бейімделуіне ықпал ету болды.
Сабақ барысында қатысушылар түрлі-түсті қарындаштар мен қағаздарды пайдаланып, өздерінің ішкі әлемін адам бейнесі арқылы көркем түрде бейнеледі. Әрбір сурет адамның көңіл күйін, ой-толғанысын және болашаққа деген үмітін түстер мен белгілер арқылы жеткізді.
Мекеме психологы Ақгүл Аманованың айтуынша, арт-терапия әдісі сотталған азаматтардың ішкі күйзелісін жеңілдетіп, өз сезімдерін еркін білдіруге мүмкіндік береді.
— Мұндай шығармашылық жаттығулар жазасын өтеушілердің өз-өзіне деген сенімін арттырып, қоғамға қайта бейімделу процесіне оң әсер етеді, — деді маман.
Тренинг соңында қатысушылар өз жұмыстарын таныстырып, алған әсерлерімен бөлісті.
— Бұл мекемеге алғаш келгенде өзімді тұйық, ешкіммен сөйлеспейтін адам едім. Психологтың қолдауымен біртіндеп өзгердім. Осындай сабақтар мені ойлануға, өз-өзімді тануға үйретті. Бүгін сурет арқылы ішкі сезімімді бейнелеп, өзімнің шын мәнінде қандай адам екенімді түсіндім. Психологтың еңбегінің арқасында өмірге көзқарасым өзгерді, — деді сотталған азамат.
