Қызылордада сотталған ер адам отбасымен кездесті
Қызылордада сотталған ер адам отбасымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылордада ҚР ҚК-нің 188-1-бабымен сотталған 34 жастағы азамат отбасымен кездесті. Кездесуге анасы мен екі баласы келді. Анасының айтуы бойынша, әйелі жетінші перзентін дүниеге әкеліп, перзентханада жатыр екен. Сондықтан әйелі келе алмаған.
Балаларын әбден сағынған әке оларды кезек-кезек құшағына қысып, көз жасын көпке дейін тия алмады. Жүрегі сағынышқа толы көпбалалы әке алдымен бес жастағы қызын баурына құшты. Сонан соң, ұлын сүйіп, анасымен амандасты.
– Бүгін кездесуге екінші ұлым мен кіші қызым келді. Қызым қатты сағынып қалыпты. Қатты қысып құшақтап, ұзақ уақытқа дейін жібермеді. Бұдан үш жыл бұрын сотталып жатқанда қызым небәрі екі жасқа да толмаған, енді талпынып жүретін болатын. Бүгін міне, бойы өсіп, ес тоқтатып қалыпты. Құлағыма «әке, сізді қатты сағындым» деп сыбырлады. Еріксіз көзіме жас келді. Өзімнің жасаған қылмысыма өкіндім. Балаларымның мені сағынып, мұнда келгені де жаныма батты. Бір өкініш, бір қуанышы аралас өмір ғой. Бүгін әйелім жетінші баламызды дүниеге әкеліпті. Ұл бала. Ұзақ мерзімді кездесу мен төртінші ұлымның туылғаны қатар келіп, кеудемді қуаныш кернеп тұр. Анамның дайындап әкелген тіл үйірер тамағын жеп, ауылдағы ағайын-туыстың әңгімесін сұрап білемін .Ұлым мен қызымның бал қылықтарын тамашалап, екі күн баурыма алып жатамын – деген ойымен бөлісті сотталған.
– Бұл № 68 тергеу изоляторындағы жыл басынан бергі мекеме бастығының рұқсатымен балаларымен өткізуге берілген сегізінші ұзақ мерзімді кездесу. Туыстарын, әсіресе ұл-қыздарын көргеннен соң мұндағы кез келген сотталған жақсы, көтеріңкі көңіл күйде қалады. Өйткені балалары олардың болашағы. Балаларын көріп, бостандыққа шығуға деген талпыныстары артып, жақсы мінез-құлықта жүреді. Сол себепті біз сотталғандарды өмірге қайта тәрбиелеу мақсатында туысқандармен байланысын үзбей отырамыз – дейді АКАӘПТЖБ-ның бастығы А.Тұрманов.