Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандар арасында көңіл күй терапиясы өткізілді

Қызылордада сотталғандар арасында көңіл күй терапиясы өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекемеде сотталғандарға арналған көңіл күй терапиясы ұйымдастырылды. Психологиялық іс-шараны мекеменің психолог маманы Ақгүл Аманова жүргізді.

Аталған терапия тұйық мінезді, эмоциясын ашық білдіре бермейтін, үнемі салмақты күйде жүретін сотталғандарға бағытталды. Іс-шараның негізгі мақсаты — олардың ішкі сезімін оятып, психологиялық қысымды төмендету және жағымды көңіл күй қалыптастыру.

Терапия барысында сотталғандар белсенділік танытып, түрлі көңіл күйді білдіретін смайликтерді таңдау арқылы өз эмоцияларын көрсетті. Бұл әдіс қатысушыларға сөзбен жеткізу қиын сезімдерді визуалды түрде білдіруге мүмкіндік берді. Нәтижесінде, бастапқыда тұйықтық танытқан адамдар біртіндеп ашылып, ойларын ашық айтып, еркін пікірлесе бастады.

Психолог Ақгүл Аманованың айтуынша, мұндай терапия эмоционалдық жағдайды тұрақтандырып, адамның өз сезімін тануына және оны дұрыс қабылдауына көмектеседі.

— Көңіл күйді білдіру — адамның ішкі жан дүниесін сауықтырудың маңызды жолы, — дейді маман.

Іс-шара сотталғандардың психологиялық ахуалын жақсартуға, позитивті ой қалыптастыруға және әлеуметтік бейімделуіне оң әсерін тигізді. Осындай тәрбиелік әрі психологиялық бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру