Қызылордада сотталғандар арнайы жұмыс киімін тігуде
Қызылордада сотталғандар арнайы жұмыс киімін тігіп, мұнай компанияларына жөнелтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ЗК-169-5 мекемесінде жазасын өтеушілердің қолымен тігілген арнайы жұмыс киімдері мен қолғаптары мұнай компанияларына жөнелтілуде. Түзеу мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған «Ас-кА» ЖШС мамандарының мәлімдеуінше, «Айдан-Мұнай», «КазГерМұнай», «СиБу» және басқа да компаниялардың жұмысшылары бірнеше жылдан бері осы мекеменің дайындаған киімдерін тұтынады. Ол үшін жыл сайын екі тарап өзара келісімшарт жасасатын көрінеді.
– Өз қиындығым мен ауыр ойдан арылу үшін осы тігінді меңгеруге ден қойдым. Бар ықыласыммен кіріскен соң мен үшін тігін тігу аса қиынға соққан жоқ. Қазір күніне екі арнайы киім тігемін. Барынша сапалы, жылы болуын ойластырамыз, – дейді сотталған.
Айта кетейік, сотталғандар қыстық, жаздық арнайы киімдермен қатар, мезгілге сай жұмыс қолғаптарын да тігеді. Сапалы өнімге сұраныс та жоғары.