Қызылордада сотталғандар Білім күніне орай іс-шараға қатысты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде орта білімі жоқ 19 сотталғанға арналған іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқу сыныптарының бірінде өткен салтанатты жиын Білім күніне арналған шарамен басталды. Қызылорда қаласының жалпы білім беретін кешкі мектеп директоры Бағдат Өтегенов пен пән мұғалімдері білім алушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
– Сапалы білім алу – сотталғандарды түзеу жолындағы іргелі негіз. Мекемеге жазасын өтеуге келген сотталғандар арасында оқи және жаза алмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Қазіргі уақытта мекемедегі орта білімі жоқ 19 сотталған 8, 9, 10 және 11-сыныпта оқитын болады, – дейді мекеме бастығының орынбасары Өмірзақ Нағашыбекұлы.
– Жастықпен шалыс басып, орта білім ала алмадым. Абайсызда жол көлік оқиғасын жасап, 5 жылға бас бостандығынан айырылдым. Енді міне жазамды өтеп жатырмын. Сотталған соң болашағымды көп ойлайтын болдым. 11-сыныпта оқитын боламын. Жазамды өтей жүріп, орта білім де алып, аман есен оқуымды бітіріп аттестат алсам деймін. Жаңа оқу жылында өзім сияқты білім алушыларға сәттілік тілеймін, – деді сотталған азамат.