Қызылордада сотталғандар дәнекерлеу мамандығын игеруде
Қызылордада сотталғандар дәнекерлеу мамандығын игеруде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 түзеу мекемесінде сотталған азаматтарды еңбекке баулу және кәсіпке баулу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жолы жазасын өтеушілер электрдәнекерлеу ісін меңгеріп, арнайы кәсіби куәлікке ие болды.
Мекеме аумағындағы өндірістік аймақта жеке кәсіпкер "Жағыпар" дәнекерлеу цехын ашып, онда бірнеше сотталған азамат тұрақты жұмысқа тартылған. Цехтағы жұмыс жыл бойы үздіксіз жүреді. Металмен жұмыс істеу – төзімділік пен жоғары дәлдікті талап ететін іс.
Кәсіпкердің бастамасымен және жеке қаражаты есебінен екі сотталған азаматқа "ҚазПрогресИнжиниринг» ЖШС оқу орталығы мамандары арнайы курс өткізіп, нәтижесінде олар 5-разрядты электрдәнекерлеуші куәлігін иеленді.
– Балалық шағымда дәнекерлеу жұмысын сырттай бақылап, "темірді темірге жапсыру" деп қана түсінетінмін. Бірақ бұл кәсіп үлкен шеберлік пен табандылықты қажет етеді екен. Металдан бір дүниені жасап шығару – өз алдына бір өнер. Осы мүмкіндікті сыйлаған мекеме әкімшілігі мен кәсіпкерге алғысым шексіз. Енді міне, өзімді жаңа маман ретінде сезінемін, – деді жазасын өтеуші.
Айта кету керек, №60 мекеменің өндірістік аймағында қазіргі таңда 14 жеке кәсіпкер түрлі бағыттар бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтқанда, тігін, нан пісіру, дәнекерлеу, пескоблок пен кірпіш өндіру, қолөнер бұйымдарын жасау салаларында сотталғандар еңбекке тартылған.
Бұл бастама – еңбекпен түзеу қағидатының нақты көрінісі. Сонымен қатар ол бостандыққа шыққаннан кейін өмірге бейімделуге үлкен жол ашады. Жазасын өтеушілердің жаңа мамандықты меңгеруі – олардың қоғамға қайта оралуына бағытталған маңызды қадам.