Қызылордада сотталғандар ұлттық ойындарда өзара бақ сынады
Қызылордада сотталғандар ұлттық ойындарда өзара бақ сынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №68, 37 және 60 мекемелерінде жазасын өтеушілер арасында ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ата-бабамыздан жеткен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, сотталғандардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге ықпал ету, сондай-ақ оларды төзімділікке, ептілікке және дәлдікке баулу.
Атап айтқанда, №68 мекемесінде жазасын өтеушілер асық ату сайысына қатысса, №37 және №60 мекемелерінде арқан тарту мен ләңгі тебу жарыстары өткізілді. Қатысушылар үлкен қызығушылық танытып, белсенділікпен атсалысты.
— Асықты бала күнімде ойнаушы едім. Бүгін сол ойын қайта оралып, балалық шағым есіме түсіп, ерекше сезімде болдым. Асық — дәлдікті, шапшаңдықты талап ететін ойын екені рас, – деді жарысқа қатысқан жазасын өтеуші.
№37 мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметовтің айтуынша, мұндай іс-шаралар сотталғандардың бойында ұлттық құндылықтарды сіңіруге, тәртіп пен өзара сыйластыққа тәрбиелеуге ықпал етеді.
— Ұлттық ойындар – халқымыздың тарихи және мәдени мұрасы. Олар тек көңіл көтеру құралы емес, тұлғалық және рухани дамудың бір тетігі. Бұл сотталғандардың оң әлеуметтік мінез-құлық қалыптастыруына, болашақта қоғамға бейімделуіне сеп болады, – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Мекеме басшылығы алдағы уақытта да осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.