Қызылордада сотталғандар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті
Қызылордада сотталғандар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлерінен спорттық шара өтті. Атап айтқанда, қол күресі, асық ату, гір тасын көтеру және арқан тарту бойынша жарыстар ұйымдастырылды.
Сотталғандар арасында ұлттық спорт түрлерін насихаттау және оларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында өткізілген шараға мекемедегі барлық сотталғандар белсене қатысты.
Гір тасын көтеру сайысында 16 келілік гір тасын 60 рет көтеріп, қарсыластарына мүмкіндік бермеген А. есімді сотталған І орынды иеленді. Сонымен қатар білектің күшін сынайтын қол күресінен 26 азамат бақ сынасып, жеңіске жету жолында жоғары табандылық танытты. Арқан тарту жарысында қатысушылар 8 командаға бөлініп, нәтижесінде "Алға" командасы жеңімпаз атанды. Спорттық шара асық ату сайысымен жалғасын тапты.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар Қызылорда қаласының дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің алғыс хаттары мен медальдарымен марапатталды.
Шараға қатысқан сотталғандардың бірі өз әсерімен бөлісті.
– Осындай ұлттық спорт түрлерінен жарыстардың ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Бұл бізге күш-жігер беріп, уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік жасайды. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Спорт арқылы өзімізді тәртіпке шақырып, болашаққа сеніммен қарауға үйреніп келеміз, – деді ол.
