Қызылордада сотталғандар жақындарымен қауышты
Қызылордада сотталғандар жақындарымен қауышты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мекеменің шаруашылық бөліміне қалдырылған 19 сотталған өздерінің жақындарымен кездесті. Ашық есік күнін өткізудегі мақсат – сотталғандардың туыстары мен мекеме әкімшілігі арасында сенімді қарым-қатынас орнатып, туыстық байланысты жоғалтпау, жазасын өтеушілерге моральдік-психологиялық тұрғыда қолдау көрсету.
Мекеме бастығының тәрбие жөніндегі орынбасары Қ.Олжабаев сырттан келгендерді алдымен режимдік корпустағы психология бөлмесіне бастап апарды.
– Тергеу изоляторына келіп түскен әрбір азаматпен ең алғаш олардың көңіл-күйін бағамдап, мінез-құлқын анықтау мақсатында психологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіземіз. Бұл олардың темір тордағы жағдайға бейімделуі үшін керек. Ал кейбір ішкі күйзеліске түскендерді санаға салмақ салған тұманды ойлардан арылтып, қалыпты мінез-құлық қалыптастыру және басқа да психологиялық жәй-күйін реттеу үшін осы бөлмеде қабылдаулар мен тренингтер өткізіп тұрамыз, – деді психолог маман А. Орынбаев.
Бөлме ішінде аквариум, жұмсақ диван тербелмелі орындық пен күйсандық бар. Еденге кілем төселіп, бөлме қабырғалары ашық түспен боялған. Жанға жылылық ұялататын бұл жерді көзімен көрген сотталғандардың туыстары шынында да мұнда орналасқан әрбір заттың жағымды әсер беретіндігіне көз жеткізді.
Одан соң сотталғандардың туыстары медицина бөліміне барды.
– Сотталғандар, тергеудегілер мен күдіктілердің денсаулығын қадағалап отыру үшін мұнда барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мекемеге келіп түскеннен бастап тиісті медициналық көмектер көрсетіледі. Барлық бөлмелер қажетті құралдармен жабдықталған, – деді мекеме фельдшері Н.Талғат.
Сондай-ақ, келушілерді дәрігерлердің қабылдау, егу, тіс жұлдыру, әйелдерді қабылдау және дәрі-дәрмек сақталатын бөлмелерді аралатып, ондағы жағдайлармен таныстырып шықты.
Осыдан соң қамаудағылар туыстарымен қауышты. Сағыныштарын басты.
– Бүгін баламның осындағы жағдайын көрдім. Жататын орны жылы, таза, жүріп-тұруына ыңғайлы екен. Ас-су ішетін бөлмелерінде керекті ыдыстары мен тоңазытқыш, теледидар бар екен. Ашық есік күнін ұйымдастырған әкімшілікке рахмет айтамын, – деп қарт ана көзіне жас алып, мекеме қызметкерлеріне алғысын білдірді.