Қызылордада сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды
Қызылорда облысында ҚАЖД мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру бойынша дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Қызылорда облысы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті, Қызылорда облысы прокуратурасы және кәсіпкерлік палатасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты — Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ның №60 мекемесінің өндірістік аймағына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерді тартып, жазасын өтеуші сотталғандарды жұмыспен қамту.
Дөңгелек үстелге ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мейрам Бекжанов, Қызылорда облыстық прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры Махмут Алмас, "Еңбек-Қызылорда" РМК филиалының өкілі, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы басшысы Сыздық Пірмұхаммед, жергілікті атқарушы орган өкілдері және шағын және орта бизнес өкілдері және сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің мамандары қатысты.
Дөңгелек үстелде сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын ұлғайту мәселелері талқыланды. ҚАЖ департаментінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Бақыт Абилова атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларды атап өтті.
— Жазасын өтеушілерді еңбек арқылы тәрбиелеу — олардың қоғамға деген көзқарасын өзгертіп, болашаққа үмітпен қарауға жетелейді. Бүгінгі таңда еңбекке қабілетті сотталғандардың жалпы санынан арнайы контингенттің 60%-ға жуығы ақылы еңбекпен қамтылды. Бұл көрсеткіш аз, жұмыс орындарын ұлғайту үшін бізге өндірістің жаңа түрлерін ашу қажет. Облыс мекемелерінің өнеркәсіптік аумақтарында жұмыс істемейтін өндірістік алаңдар бар, сондықтан осы іс-шараға қатыса отырып, жеке бизнес өкілдерін өзара тиімді диалогқа шақырамыз, - дейді ҚАЖД бастығының орынбасары Мейрам Бекжанов.
Бүгінгі таңда ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде 400-ден аса сотталғанды 11 жеке кәсіпкер жұмыспен қамтыса, №37 мекемесіндегі 150-ден аса сотталғанды қала аумағындағы 21 кәсіпкер жұмыспен қамтып отыр.
Жиын соңында кәсіпкерлер тарапынан сала мамандарына сұрақтар қойылып, тұщымды жауап берілді. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдеріне мекемелерде шығарылатын өнімдердің слайды көрсетілді.