Қызылордада сотталғандарға ойын терапиясы жүргізілді
Қызылордада сотталғандарға ойын терапиясы жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекеменің психологтары жазасын өтеп жатқан сотталғандармен ойын терапиясын ұйымдастырды.
Ойын терапиясы – арттерапияның бір түрі. Бұл әдіс психологиялық және әлеуметтік мәселелерді жеңуге, күйзелістен шығуға, сондай-ақ адамның өзін-өзі тануына ықпал етеді. Мұндай терапияның көмегімен адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынасты қалыптастыруға және ішкі үйлесімділікті қайта орнатуға мүмкіндік туады. Мекеме психологтары ойын терапиясын сотталғандарды психологиялық сауықтыру мақсатында тұрақты түрде өткізіп келеді.
Бұл жолғы ойын терапиясы шағын ойыншықтарды қолдану арқылы сотталғандардың жадын, есте сақтау қабілетін және зейінін жақсартуға бағытталды. Ойындар күнделікті күйзелістерден арылып, психикалық үзіліс жасауға, сондай-ақ стресс пен алаңдаушылықты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Мекеме психологы Салтанат Сәбитбекқызының айтуынша, адамдар көбіне өз эмоцияларын жасыруға тырысады, алайда олар іштей жинала береді.
– Терапиялық ойындар эмоцияларды босатып, ішкі жан дүниені жеңілдетуге көмектеседі, – дейді ол.