Қызылордада сотталғандарға «6 қалпақ» психологиялық тренингі өткізілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінің психолог маманы Ақгүл Аманова сотталғандарға ерекше психологиялық тренинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл тренингтің негізгі мақсаты — сотталғандардың ойлау қабілетін дамыту, өз эмоцияларымен жұмыс жасау және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру. Тренингтің негізі әдісінің бірі — Эдвард де Бононың «6 қалпақ» ойлау техникасы. Бұл әдіс жеке тұлғаның ішкі дүниесін түсінуге, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға және проблемаларды шығармашылықпен шешуге бағытталған.
Тренинг барысында психолог маман “Бауырсақ” ертегісін айтып берді. Одан соң олар 6 әртүрлі түсті қалпақты таңдап алып, ертегіні түрлендіріп айтты. Әртүрлі түсі мен мағынасы бар алты қалпақтың көмегімен әрқайсысы әртүрлі шешім қабылдап, көзқарастарын білдіріп, өз эмоцияларымен жұмыс жасады.
– Маған бүгінгі ерекше тренинг ұнады. Өз-өзімізді тануымызға, жағымсыз көңіл күйден арылуымызға көмектесті. Мен қызыл қалпақты таңдадым. Бұл қалпақ «менің сезімім қандай?» деген сұраққа жауап береді. Ертегіні тыңдай отырып, өз көзқарасымды айтып бердім. Психолог маманның әртүрлі тренингтерінен қалмауға тырысамын. Психологпен сөйлесіп, өмір сүруге деген құлшынысымыз оянады. Мекеме психологына алғысымыз шексіз, – деді сотталған азамат.
Тренингте сотталғандар өз эмоцияларымен жұмыс жасауды үйреніп, әртүрлі жағдайларға қалай дұрыс жауап беру керектігін түсінді. Олар өз мәселелерін жаңа тәсілдермен шешуге және қоғамға қайта оралған соң әлеуметтік бейімделу процесінде тиімдірек болуға мүмкіндік алды.
– «6 қалпақ» психологиялық тренингі сотталғандар үшін тек өзін-өзі тану және эмоциямен жұмыс істеу ғана емес, сонымен қатар өз әрекеттері мен ойларын басқару дағдысын дамытуға да үлкен септігін тигізді. Мұндай тренингтер сотталғандардың қоғамға бейімделуіне, олардың түзелу процесіне оң әсер етіп, бостандыққа шыққаннан кейін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – дейді психолог маман Ақгүл Аманова.