Қызылордада сотталғандармен еңбек келісімшарттары жасалды
Қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарды қоғамға бейімдеу және қайта әлеуметтендіру мақсатында еңбекпен қамтуға ерекше назар аударылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында орналасқан қауіпсіздігі барынша төмен №37 мекемесінде жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру бойынша бірқатар шара жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда мекемедегі сотталғандар қала аумағындағы жеке кәсіпкерлерде және мекеменің шаруашылық бөлімінде жұмыс жасайды. Жұмыс жасайтын барлық сотталғанмен 2025 жылға еңбек келісімшарты жасалды.
Мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы Саягүл Кенжеғұлованың айтуынша, еңбек шарты жыл сайын жасалады.
– Бірінші кезекте атқару парақтары бар сотталғандарды жұмысқа орналастырамыз. Өйткені олардың мемлекет және жеке тұлға алдындағы қарыздары болады. Еңбек ете отырып, жалақыларынан өтеп, артылғанын өзіне немесе отбасына жіберулеріне мүмкіндіктері бар және ҚР ҚАК-нің 113-бабына сәйкес ақылы еңбек демалысына да шыға алады, – дейді Кенжеғұлова.
Мекеменің шаруашылық бөлімінде қалдырылған сотталған Ш.есімді азамат та 2025 жылға мекемемен еңбек шартын жасаған.
– Еңбек шартымен толықтай танысып шықтым. Біздің де бостандықтағы азаматтар сияқты ақылы еңбек демалысымыз бар. Сот үкімімен 4 жылға сотталып, 2023 жылдан бері осы мекемеде жазамды өтеп жатырмын. Өзім Шымкент қаласының тұрғынымын. Мекеменің шаруашылық бөлімінде жұмыс жасаймын. Айлығым да уақытылы, артылғанын отбасыма жіберіп тұрамын. Еңбек ете отырып, ойым бөлінеді, қателіктерімді ұмытып, болашаққа жоспар құра бастаймын. Өткен жылы ақылы еңбек демалысымда отбасыма барып келдім. 2025 жылы ақылы еңбек демалысымды жаз мезгіліне қарай алсам деймін. Балаларымның қасында болып, ақылымды айтып, әкелік қамқорлығымды көрсеткім келеді. Армандарым да жоқ емес, аман-есен жазамды өтеп, тезірек отбасыма оралғым келеді, – дейді сотталған азамат.