Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада студенттер құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесті

Қызылордада студенттер құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқықтық сауаттылық – қазіргі заман талабы. Бүгінде әрбір жас азамат өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, заң үстемдігін қоғам өмірінде берік орнықтыруға атсалысуы қажет.

Мемлекет басшысы бастамашылық еткен "Заң мен тәртіп" қағидатын кеңінен насихаттау мақсатында Қызылорда қаласы полиция басқармасының бастығы Дәулет Беркімбаев және оның орынбасарлары Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу, жастар арасында жиі кездесетін сталкинг пен буллинг, қаржылық сауаттылықты арттыру, дропперлік пен интернет-алаяқтықтың алдын алу, сондай-ақ есірткіге тәуелділік пен лудомания (ойынқұмарлық) секілді қоғам үшін өзекті мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Кездесу барысында студенттерге құқық бұзушылық пен қылмыстың салдары, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ өз құқықтарын білу және қорғау жолдары жан-жақты түсіндірілді. Тәртіп сақшылары жастар арасында жиі орын алатын құқық бұзушылық түрлеріне арнайы тоқталып, олардан сақтанудың тиімді жолдарын атап өтті.

Сонымен қатар киберқылмыстың негізгі түрлері, интернет желісінде кең таралған алаяқтық схемалар, жеке деректер мен қаржылық ақпаратты қорғау тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет берілді. Дроппер ретінде заңсыз әрекеттерге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынына ерекше назар аударылды. Іс-шара барысында студенттер цифрлық қауіпсіздікке қатысты өзекті сұрақтарын белсенді түрде қойды.

Осындай форматтағы кездесулер тыңдаушылардың маңызды ақпаратты жеңіл қабылдап, ұзақ уақыт есте сақтауына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта студенттермен мұндай мазмұндағы кездесулерді қала аумағындағы барлық университеттер мен колледждерде өткізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру