Қызылордада тәртіп сақшылары қан тапсырды
Қызылордада тәртіп сақшылары қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылордада полицейлер жылдағы үрдіс бойынша «Донор бол – өмір сыйла!» акциясына қатысып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын құтқару үшін қан тапсырды. Олар ерікті түрде донор болып, аталмыш акцияға белсенді қатысты.
Осы орайда бүгін Қызылорда қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Садыбеков бастаған қызметкерлер тобы жанашырлығы мен мейірімділігін көрсетті. Қан тапсырып, донор болды.
– Донор боламын деушілер жыл сайын көбейіп келеді. Донорлық қанды қажет ететін адамдардың өмірін құтқару мақсатында бүгін өзімнен бастап қызметкерлеріміз таң атысымен қан тапсыру үшін кезекке тұрды. Мұқтаждарға көмек қолын созу мақсатында қызметкерлер қатысты. Дәрігердің жіті тексеруінен өткен қызметкерлеріміз ғана донор атанды. Қызметкерлер өзгенің өмірін сақтап қалуға көмектесуді азаматтық борышы санайды, – дейді Мақсат Садыбеков.
Дәрігерлер полицейлердің мінсіз донор екендігін атап өтті. Себебі олар денсаулығына жіті көңіл бөліп, тұрақты медициналық тексерулерден өтіп тұрады.
Кеудесінде жұдырықтай жүрегі бар кез – келген адам көмек көрсетуге асығады. Адам өміріне араша түсем деуші полицейлер алдағы уақытта да қан тапсырып, көмек қолын созуға әрдайым дайын.