Қызылордада тергеу изоляторындағы айыпталушы заңды некеге тұрды
Қызылорда қаласында орналасқан №68 тергеу изоляторында айыпталушы азамат өзінің сүйіктісімен заңды некеге тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түзеу мекемелеріндегі арнайы контингенттің некеге тұруы – сирек кездесетін жағдай емес. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сотталған азаматтардың азаматтық құқықтары шектелмейді, оның ішінде некеге тұру құқығы да толық сақталады. Бұл олардың қоғаммен байланысын нығайтуға, түзелуге деген ынтасын арттыруға және болашаққа деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.
Айыпталушы азамат бостандықта жүрген кезде танысқан сүйіктісімен некеге тұруға шешім қабылдап, мекеме заңгерінен кеңес алып, тиісті өтініш жазды. Мекеменің заңгері Гүлмира Қарашаева оның өтінішін қарап, қажетті құжаттарды жинақтап, АХАТ бөліміне тапсырды. Заңды түрде тіркелген некеден кейін жас жұбайларға неке туралы куәлік табысталды.
– Бүгін мен үшін ең бақытты күн. Өзім ұнатқан қызбен некеге тұрдым. Бұл үшін мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деп қуанышпен бөлісті азамат.
– Бас бостандығынан айыру орындарында некеге тұру сотталған азаматтардың мінез-құлқына оң ықпал етеді. Олар отбасылы болған соң, мерзімінен бұрын босап шығуы үшін тәртібін дұрыстап, өмірге деген көзқарасын өзгертеді. Сондай-ақ қоғамда өз орнын табуға және түзелу мекемесінен шыққан соң, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді. Бұл – жыл басынан бері тергеу изоляторында тіркелген алғашқы неке, – дейді заңгер Гүлмира Қарашаева.