Қызылордада тергеу изоляторының бақылаушысы науқас әйелге донор болды
Қызылордада тергеу изоляторының бақылаушысы науқас әйелге донор болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ЗК-169/1 тергеу изоляторындағы РжКБ-нің қызметкері Сабыржан Асылханов мекеменің № 1 бақылап-өткізу пунктінде бақылаушы болып жұмыс атқарады. Таңертеңнен кешке дейін тікесінен тік тұрып, ішке келіп-кететін азаматтарға тінту жұмыстарын жүргізеді. Яғни, бекеттегі өзінен бөлек екі бақылаушымен бірге ішке алып өтуге тыйым салынған заттардың өтпеуін бақылайды.
– Мен сол күні қызметте болатынмын. Мекеменің тұрақты доноры, жасақ бастығы Ниязов Нұрсұлтанның телефонына II-ші топтағы донор керек деген хабарлама келген екен. Қан тобым сәйкес болғандықтан, қалыс қала алмадым. Мұқтаж жанға қол үшін созу – сауапты іс деген қағидатты құлаққа сіңіріп өскенбіз. Қызылорда облыстық көпсалалы медицина орталығында өлім мен өмірдің арасында жатқан науқас әйелдің денсаулығына бей-жай қарай алмадым. Жарты сағатта қан тапсырып, донор болып келдім, – дейді С.Асылханов.