Қызылордада тергеу-қамаудағылардың туыстарымен мекеме бастығы кездесті
Қызылордада тергеу-қамаудағылардың туыстарымен мекеме бастығы кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін ЗК-169/1 тергеу изоляторының бастығы Алмат Тасқараев қамаудағылардың туыстарымен кездесті.
Кездесу барысында мекеме бастығы алдымен қамаудағылардың мекемедегі ұсталыну жағдайы жөнінде айтып берді.
– Бүгінгі таңда тергеу изоляторы қамауындағы адамдардың барлығы дерлік ең алдымен толықтай медециналық тексерістен өткен. Азаматтардың денсаулықтары басты назарда. Бұдан бөлек, жатын орын, тамақпен, киім-кешекпен тыл бөлімі тарапынан күнделікті қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олардың тергеуші, адвокаттары және заңды өкілдерімен кездесуін тұрақты ұйымдастырамыз. Мекемеде барлық жерге бейнебақылау орнатылған. Яғни, күш көрсету, ұрып-соғу фактілеріне жол берілмейді. Бұл күнге дейін қамаудағылардың жағдайларын тексеру мақсатында Адам құқығы жөніндегі уәкілдер мен Парламент және Мәжіліс депуттаттары келіп, сотталғандар мен айыпталушы және тергеудегілердің тарапынан еш арыз-шағымдарының жоқтығына көз жеткізіп кеткен болатын, – деді мекеме бастығы Алмат Тасқараев.
Мекеме бастығының мәлімдемесінен соң кездесуге келген азаматтар өз сұрақтарын қойып, басшылық тарапынан қанағаттанарлық жауаптарын алды.
Сұрақтар қамаудағылардың кредиттері, жеке тергеу істері және санкциялары мен оқулары жөнінде болды.
Кредиттері бойынша сұраққа арнайы бөлім қызметкерлері арқылы анықтама алып, мекеме бастығының мөрімен расталып, тиісті банкке апаруға болатындығын айтып жеткізді.
– Менің ұлым соңғы курс студенті еді, оқу орындағылар дипломдық қорғау жұмысына міндетті түрде қатысу керек деп жатыр. Соған сіздер қандай көмек көрсете аласыздар?, – деген сұрағын қойды кездесуге келген ата-ана.
Бұл сұрақ бойынша А.Тасқараев заңгер Р.Жолмановқа тапсырма берді. Яғни, мекеме бастығы атына сенімхат жазу керектігін, осы сенімхат жазылған соң оның тергеушіге жолданатындығы жөнінде айтып түсіндірді.
Кездесу соңында заңды өкілдер ұйымдастырылған іс-шара үшін мекеме қызметкерлеріне алғыс айтты.