Қызылордада төбелесіп қалған жігіттер камера арқылы анықталды
Қызылордада төбелесіп қалған жігіттер камера арқылы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
13 қарашада кезекшілікке түскен Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бейнебақылаушы-инспекторы сағат 23:30 – 01:30 шамасында қаладағы орталық көшелерінің қиылысында орналасқан бейнекамерамен шолу барысында белгісіз азаматтар көше бойында жанжалдасып жатқанын байқаған.
Оқиға орнына дереу патрульдік полиция экипаждары жіберілді. Полицейлер анықтағандай, жас шамасы 19-20 жастағы жігіт жәбірленушімен сөзге келіп қалып, жанжалдасып төбелескен. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің арқасында оқиғаға қатысушылар анықталып, Полиция басқармасына жеткізілген.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігінің (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Күдіктіге процессуалдық мәжбүрлеу шарасы – келу туралы міндеттеме берілді.
Егер, күдіктінің кінәсі дәлелденсе, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазасы тағайындалу мүмкін.
– Камералардың арқасында қылмыстың “ізін суытпай” ашылу деңгейі артты. Жыл басынан бері олардың көмегімен 115 қылмыс ашылып, 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшылары қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктерді ішу және аумақты ластау сияқты ұсақ бұзушылықтардың үздіксіз мониторингін жүргізеді, – деді Қызылорда облысты Полиция департаментінің бастығы Қожабаев Мұхтар.