Қызылордада төлемдер қабылдайтын терминалдарды ұрлаған күдікті қолға түсті
Қызылордада төлемдер қабылдайтын терминалдарды ұрлаған Түркістан облысының тұрғыны қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрлық қылмысына күдіктелген адам төлем қабылдайтын терминалдарды дәріханалардан ұрлаған. Алайда үш терминалды қолды еткен ол көп ұзамай тәртіп сақшыларының құрығына ілінді.
Оқиға осы жылдың шілде айының басында болды. Полицияға мекеме директоры арызданып, оларға тиесілі үш терминалдың ұрланғандығын айтқан. Ұрлық жасауға бел буған белгісіз азамат қала орталығында орналасқан дәріханалардағы терминалдарға көз салған. Сол жерде жұмыс жасайтын қызметкерлерге я күзетшіге өтініш айтып, дәріхананың ішінде орналасқан терминалды бірге көтеріп шығып, алып кететін болған.
Осылайша алдын ала құрған жоспары бойынша күдікті дәріханалардағы үш терминалды қолды еткен. Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, осы қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 31 жастағы тұрғыны ұсталды.
Үш бірдей қылмысты өзі ұйымдастырып, арам ойын жүзеге асырған азамат Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Шығын көлемі есептелуде. Қазіргі уақытта полицейлер күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.