Қызылордада цифрлық криминалистикаға арналған форум өтті
Қызылорда облысы полиция департаментінің базасында цифрлық криминалистика мәселелеріне арналған өңіраралық форум өз жұмысын жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Форум барысында бұл саладағы үздік мамандар бас қосып, тәжірибе алмасып, заманауи технологияларды тиімді енгізудің жолдарын талқылады. Қатысушылар кәсіби дағдыларын жетілдіріп, білімін тереңдетіп, жұмыс сапасы мен нәтижелілігін арттыруға бағытталған практикалық машықтарын шыңдады.
Іс-шара қорытындысында форумға қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Қорытынды сөз сөйлеген Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Амангелді Досжанов форумда алынған білім мен тәжірибенің алдағы уақытта ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты әрі нәтижелі қадамдардың берік негізі болатынына сенім білдірді.
Форум концерттік бағдарламаға ұласып, сахна төрінде полиция департаменті қызметкерлері өнер көрсетті. Олардың шынайы эмоциясы мен кәсіби деңгейдегі шеберлігі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар қатысушылар үшін облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, биыл Қызылорданың Қазақстан астанасы болып жарияланғанына 100 жыл толып отыр.
Екі күнге созылған форум кәсіби дамуға, жаңа жобаларды іске асыруға, сонымен қатар тың білім мен идеяларды қалыптастыруға зор мүмкіндік берді.