Қызылордада туысының алтын сырғасын ұрлаған әйел ұсталды
Қызылордада туысының алтын сырғасын ұрлаған әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
29 мамыр күні Қызылорда облысы Полиция депараментінің Жаңақорған аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Арызданған азаматшаның үйінен құны 100 мың теңге тұратын алтын сырғасы ұрланған.
Полицейлер «ізін суытпай» күдікті 32 жастағы әйелді ұстады. Айғақ зат алынып, иесіне қайтарылды. Тексеру барысында отбасылық той кезінде бұл әйел өзінің туысы, яғни үй иесінің жатын бөлмесіне кіріп, алтын сырғасын ұрлап кеткендігі анықталды.
Қазіргі уақытта дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті әйелге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.