Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша дөңгелек үстел өтті

Қызылорда облысының түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыруды арттыру бойынша дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті, Қызылорда облысы прокуратурасы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараның мақсаты – Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемесінің өндірістік аймағына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерді тартып, жазасын өтеуші сотталғандарды жұмыспен қамту.

Дөңгелек үстелге ҚАЖД бастығының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров, Қызылорда облыстық прокуратурасының үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры Махмут Алмас, «Еңбек-Қызылорда» РМК филиалының директоры Сәруар Бегалдинұлы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Дәурен Мұзарапұлы, жергілікті атқарушы орган өкілдері және шағын және орта бизнес өкілдері, мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің мамандары  қатысты. 

Кездесуде сотталғандарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын ұлғайту мәселелері талқыланды. Жиында ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Жүніс Әбдіқайыров сөз алып, ҚАЖ мекемелерінің басты мақсаттарының бірі сотталғандарды жұмыспен қамту екендігін айтты.

– Жазасын өтеушілерді еңбекпен қамту арқылы олардың сотпен тағайындалған қарыздарын өтеуіне, айлық жалақыларынан артылғанын жақын адамдарына көмектесуіне де мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде сотталғандардың туыстарымен әлеуметтік байланыстарды сақтай отырып, нәтижесінде олар босатылғаннан кейін қоғамға әлеуметтік бейімделу мәселесін жеңілдетеді. Сондықтан бүгінгі күннің түйткілді мәселесі жұмыссыздықты жою үшін мекеменің өндірістік аймағындағы бос ғимараттарға кәсіп ашу үшін орта және шағын кәсіпкерлік субьектілерін шақырамыз, – деді Жүніс Әбдіқайыров.

Бүгінгі таңда ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемесінде 200-ден аса сотталғанды 9 жеке кәсіпкер жұмыспен қамтыса, №37 мекемесіндегі 130-ға жуық сотталғанды қала аумағындағы 22 кәсіпкер жұмыспен қамтып отыр.

Жиын соңында шағын және орта бизнес өкілдері  сала мамандарына жеңілдетілген пайызбен несие алу жолдары, бизнес-жоспарларын жасау жөнінде  сұрақтарын қойып тұщымды жауаптарын алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру