Қызылордада түзеу мекемесіндегі сотталғандар тігін цехында жұмыс істейді
Қызылордада түзеу мекемесіндегі сотталғандар тігін цехында жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазасын өтеушілерді мекеме қабырғасында еңбекке тарту белгілі бір кезеңде жүзеге асады. Сотталғандар еңбек ету арқылы мемлекетке, сот орындаушысына немесе жәбірленушіге берешегін өтейді. Ал ешқандай қарызы жоқ еңбек етуші жалақысының жартысын отбасына жіберіп, қалған бөлігін өз қажеттілігіне жұмсайды. Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 мекемесінің өндірістік аймағында 14 кәсіпкер кәсібін ашып, мерзімін өтеуші азаматтарды жұмыспен қамтып отыр. Соның бірі – тігін цехы.
Бұл кәсіпорында 18 жазасын өтеуші жұмысқа арналған арнайы киімдерді тігеді. Арнайы киімнің негізгі қызметі – қорғаныш. Сондықтан қосымша қорғаныш қасиеттері бар материалды қолдану арқылы тұтынушының талабына сай жұмыс жүргізуде. Өзінің жеке талғамы бойынша тапсырыс бергісі келетіндер үшін тапсырыс беруші кәсіпорын иесіне өзінің қалауын жеткізіп, қандай мақсатта киетінін айтады. Кәсіпкер тапсырыс берушінің көкейіндегіні дөп басу үшін қоластындағы қызметкеріне киім үлгісін алдымен қағаз бетіне түсіртіп көрсетеді. Дайын болған үлгіге жан бітіру үшін мата мен өнімді таңдау жұмыстары басталады. Кейін құрастырушы жұмысын бастайды. Ол өзінің міндетіне байланысты өлшемдер алады. Киімнің өлшемін алу үшін тапсырыс беруші берген дене бітім өлшемдерін ескереді.
– Жеке кәсіпкерлік цехында тігінші болып еңбек етудемін. Тапсырыстардың түсуіне қарай арнайы киімдер тігеміз. Жалақымыз тындырған ісімізге байланысты тұрақты түрде төленеді. Зейнетақы қорының аударымдары жөнінде де осылай дей аламын. Мұндағы жұмысым өзіме ұнайды. Ұжым мен басшылық арасында түсіністік пен өзара келісім қалыптасқан, – деді жазасын өтеушілердің бірі.
Жұмыспен қамтып отқан кәсіпкер тапсырыстың көптігіне байланысты алдағы уақытта қызметкерлер санын арттыру жоспарда бар екенін айтып, қоластындағы қызметкерлерің еңбегіне ризашылығын білдірді.