Қызылордада ұландықтар өрт болған үйден адамдарды аман-есен алып шықты
Қызылордада ұландықтар өрт кезінде алғашқылардың бірі болып көмек көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері тұрғын үйдегі өрт кезінде батылдық танытып, зардап шеккендерге алғашқылардың бірі болып көмекке келді.
Кезекші патруль бағыты “Ескі базар” аумағындағы тұрғын үйден өрт шыққаны жөнінде полицияның жедел басқару орталығынан хабар алған. Бұл ақпаратты алған бойда кезекші Ернұр Әбілхан қатардағы жауынгерлер Нұрдәулет Әдіхалық және Ердос Махмұдовпен бірге бірден оқиға орнына жеткен.
Үшінші қабаттағы пәтерден қою түтін будақтап шығып жатқан. Өрт сөндіру қызметі келгенше, әскери қызметшілер тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялап, қауіпсіз жерге көшіруге кіріскен.
– Үй ішін қою түтін басып, күйік иісі тыныс алуға мүмкіндік бермеді. Бірақ біз орамалдарымызды сулап, бетімізді жауып, адамдарға сыртқа шығуға көмектестік. Бір азамат бесінші қабатта әйелі мен кішкентай қызы қалып қойғанын айтып, кілтті берді. Біз оларды да аман-есен сыртқа алып шықтық, – дейді Ернұр Әбілхан.
Ұлттық ұлан сарбаздарының жедел әрі кәсіби әрекеттерінің арқасында адам шығынына жол берілмей, барлық тұрғын қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл оқиға – әскери қызметшілердің ерлігі мен халық алдындағы жауапкершілігінің жарқын көрінісі.