Қызылордада жанұя шырқын бұзған мыңға жуық азамат есепке алынды
Қызылордада жанұя шырқын бұзған мыңға жуық азамат есепке алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласы полиция басқармасымен отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында болатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу және құқық бұзушылықтарды анықтау бағытында профилактикалық жұмыстар күнделікті жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері “102” арнасына жанұя жанжалы бойынша 1300 хабарлама тіркелді. Тұрмыстық қарым-қатынаста сыйламаушылық әрекетін жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен 930 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция тарапынан жанұя шырқын бұзған 1100 азамат қорғау нұсқамасы санатымен есепке алынды.
Сонымен қатар қорғау нұсқамасының талаптарын бұзып, соттың қаулысымен 354 азаматтың мінез-құлқына қатысты сот қаулысымен ерекше талаптар белгіленген.
Аталған азаматтар жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторларымен тұрғылықты мекенжайларына барып түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қала аумағында 3 әлеуметтік дағдарыс орталығы қызмет көрсетеді. Аталған орталықтармен 190 азаматшаға әлеуметтік көмек көрсетілді.