Қызылордада жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында ашық есік күні өтті
Қызылордада «Өз көзіңмен көр!» ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Өз көзіңмен көр!» атты іс-шара ұйымдастырды.
Бұл шараға қаладағы орта және арнаулы білім беру мекемелерінің оқушылары мен студенттері қатысты. Олар Қызылорда қалалық полиция басқармасының әкімшілік қамау, уақытша ұстау және қабылдап-тарату мекемелеріндегі қызметтің жұмысымен танысты. Білім алушыларға қойылған сұрақтарға толық әрі мазмұнды жауаптар берілді.
Іс-шара барысында Орда жоғары колледжі, С. Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі мен М. Саламатов атындағы колледждің білім алушыларына құқық бұзушылықтардың салдары жайлы түсіндірілді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтан аулақ болу, қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, заңмен тыйым салынған заттарды қолданбау және топтық төбелестерге қатыспау туралы нақты кеңестер берілді. Сондай-ақ, жастардың болашағы өз қолында екенін атап өтіп, заң бұзушылықтардан сақтануға шақырды.
Алдағы уақытта осындай маңызды жұмыстар өз жалғасын табады.