Қызылордада жасөспірімді қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды
Қызылордада жасөспірімді қағып, қашып кеткен жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылорда қаласы Полиция басқармасының 102 арнасына облыстық балалар ауруханасынан жол көлік оқиғасы салдарынан дене жарақатымен жасөспірім түсті деген хабарлама түскен. Тексеру барысында Байсеитова көшесі бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінен келе жатқан жасөспірімді белгісіз автокөлік қағып, оқиға орнынан бой тасалап кеткені анықталды.
Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша жедел түрде іздестіру шаралары жүргізілді. Жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті автокөлік анықталды.
Көлік тізгіндеген қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 2-бөлігімен (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) және 611-бабының 2-бөлігімен (Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы) әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Жаяу жүргіншінің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Түпкілікті шешім қабылдау үшін жинақталған құжаттар сотқа жіберіледі.