Қызылордада "Жастар нашақорлыққа қарсы!" ұранымен флешмоб өтті
Қызылордада "Жастар нашақорлыққа қарсы!" ұранымен флешмоб өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қызылорда облысында ауқымды флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шара мектеп жанындағы лагерьлердің қатысуымен "Жастар нашақорлыққа қарсы!" ұранымен өтті.
Бұл бастама нашақорлықтың алдын алу және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған. Облыс орталығы мен 7 ауданның мектеп жанындағы лагерьлерінде бір мезетте ұйымдастырылған флешмобта оқушылар мен жастар би қимылдары арқылы есірткіге деген теріс көзқарастарын білдіріп, қоғамды сергектік пен денсаулыққа үндеді.
Қатысушылар көтеріңкі көңіл күй мен белсенділік танытып, өз өнерлерімен көрерменге тың ой тастады. Флешмоб тек би билеу ғана емес, жастардың ішкі үндеуі, замандастарына арнаған үндеуі іспетті болды.
– Біз бұл флешмобқа тек көңіл көтеру үшін емес, үлкен бір мағыналы мақсатпен келдік. Есірткі – тек адамның емес, бүтін қоғамның дерті. Мен өз болашағымды денсаулықпен, біліммен, арманмен байланыстырамын. Сондықтан біз – жастар, өзгелерге үлгі болуымыз керек, – деді шараға қатысқан студент Ақбота Ізбасар.
Бұл бастама арқылы ұйымдастырушылар жастардың назарын теріс әрекеттерден аулақ болуға, уақытты пайдалы әрі белсенді өткізуге бағыттады.