Қызылордада жаза өтеу тәртібін бұзған есептегі сотталған қамауға алынды
Қызылордада 40 сағат қоғамдық жұмысты орындамаған пробация есебіндегі азамат 10 күн қамаққа алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде 600-ден астам сотталған азамат тұр. Олардың арасында сот үкімімен қоғамдық жұмысты орындау міндеттелген азаматтар да бар. Қазіргі таңда 4 азамат қоғамдық жұмыстарын орындап жүр. Жуырда бір азамат 10 күн қамаққа алынды. Ол азамат сот үкімімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2- бөлігімен кінәлі деп танылып, 40 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген.
Алайда ол азамат пробация қызметіне тіркеуге келмей, тұрғылықты мекенжайы анықталмай, қоғамдық жұмысты орындамаған. Оған сот қаулысымен іздеу жарияланып, күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған.
ҚР ҚК-нің 43-бабының 2-1 бөлігі 1 тармағына сәйкес қоғамдық жұмысының 4 сағаты 1 күнге есептеліп, 10 күн қамаққа ауыстырылған. Қаулы заңды күшіне енбеген.