Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жазасын өтеушілер ағаш отырғызу акциясына қатысты

Қызылордада жазасын өтеушілер ағаш отырғызу акциясына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен тәртіп" идеологиясы аясында Қызылордада ҚАЖ департаменті мен облыстық прокуратура бірлесіп ағаш отырғызу акциясын ұйымдастырды. Акция аясында ҚАЖ департаментіне қарасты №37 мекемедегі сотталғандар мекеме аумағына 200-ден аса ағаш көшетін отырғызды.

Іс-шараның мақсаты – жазасын өтеушілер арасында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, қоғамға пайдалы еңбекке ынталандыру және тәрбиелік мәні жоғары іс-шаралар жүргізу.

Департамент бастығының міндетін атқарушы Жәнібек Зиябеков шара барысында бұл жұмыстың маңызын атап өтті.

— "Заң мен тәртіп" идеологиясы тек құқықтық тәртіпті сақтау емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы игі істерді көбейту дегенді білдіреді. Бүгінгі көшет отырғызу жұмысы – жазасын өтеушілер үшін тәрбиелік мәні зор, олардың ойына экологиялық жауапкершілікті сіңіруге бағытталған шара. Әрбір егілген ағаш – болашаққа жасалған үлес, — деді ол.

— Осындай шаралар бізге ойлануға да, дұрыс бағытқа бет бұруға да көмектеседі. Табиғатқа үлес қосып, өз қолымызбен отырғызған ағаштың ертеңгі күні өсіп, көгеретінін білу — біз үшін үлкен қуаныш. Қоғамға пайдалы іс атқарып жатқанымызды сезіну көңілімізге медеу болады, — деді сотталған азамат.

ҚАЖ департаменті алдағы уақытта да осындай тәрбиелік-экологиялық жобаларды тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру