Қызылордада жазасын өтеушілер аттестат алды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты № 37 мекемесінде жазасын өтей жүріп, орта білім алған сотталғандарға аттестат табыстау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға Шиелі аудандық білім бөліміне қарасты кешкі мектеп мұғалімдері, мекеме қызметкерлері қатысты. Кешкі мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ә.Байтілеуова қатысушыларды оқу жылының аяқталу мерекесімен құттықтап, орта білімі туралы аттестат табыстады.
– Қылмыстық-атқару кодексінің талаптарына сай 30 жасқа дейінгі сотталғандарға орта білім алу міндеттелген. Мекемеде орта білімі жоқ 9 сотталғанның бесеуі 11-сыныпты бітіріп жатыр. Қалған сотталғандар орта білімін одан әрі жалғастырады. Қазір шыны керек түзелемін деген адам үшін біраз жағдай жасалған. Мұның барлығы шалыс басқан жандарды түзу жолға бастау, бостандықта өз жолын табуға мүмкіндік жасау, – деді жасақ бастығы Айғара Сұлтан.
– Жастық шақта аңғалдығымнан жаза басып, құқық бұзғандығым үшін жазамды өтеудемін. Осының салдарынан орта білімім де жоқ болатын. Мекеме қызметкерлерінің көмегімен кешкі мектепте білім алдым. Сол мектеп ұстаздарының табанды еңбегінің нәтижесінде орта білімімді растайтын құжат алып отырмын. Осы үшін мекеме әкімшілігі мен кешкі мектеп ұстаздарына алғысымды білдіремін, – дейді жазасын өтеуші.