Қызылордада жазасын өтеушілерге арналған психологиялық тренинг өтті
Қызылордада жазасын өтеушілерге арналған психологиялық тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 37 мекемесінде жазасын өтеушілермен психологиялық жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстар аясында бүгін тағы бір маңызды шара — психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Бұл шараның басты мақсаты — сотталған азаматтардың шапшаң әрі дұрыс шешім қабылдау қабілеттерін дамыту, ішкі жан дүниесін тұрақтандыру және әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету.
Тренинг барысында психолог маман Ақгүл Аманова түрлі психологиялық жаттығулар өткізді. Қатысушылар шынайы өмірлік жағдаяттарға ұқсас симуляциялық тапсырмалар орындап, өз реакцияларын талдады. Сондай-ақ ішкі күйзеліс пен агрессияны басқаруға бағытталған әдістер де үйретілді.
- Сотталғандармен жұмыс — тек тәртіпке үйрету емес, олардың ішкі жан дүниесін қалпына келтіру, болашаққа деген сенімін ояту. Бүгінгі тренинг шапшаң шешім қабылдау, эмоцияны басқару сияқты маңызды дағдыларды дамытуға бағытталды. Жаттығулардың көмегімен олардың өз-өзіне деген сенімі артып, топпен жұмыс істей білу қабілеті қалыптасады. Бұл – олардың қоғамға қайта бейімделу жолындағы маңызды қадамдардың бірі, – деді психолог Ақгүл Аманова.
Тренингке қатысқан жазасын өтеушілердің бірі 34 жастағы Ж. есімді сотталған өз әсерімен бөлісті:
- Мұндай тренингтер біз үшін үлкен мүмкіндік. Өз ойыңды еркін айту, ішкі күйзелістен арылу — бұл бұрын біз ойламаған дүниелер еді. Бүгін өзіме көптеген пайдалы кеңестер алдым. Жаңа өмір бастауға деген сенім пайда болды, – дейді ол.
Айта кету керек, ҚАЖД мекемелерінде психолог мамандар сотталған азаматтармен күнделікті , жеке және топтық кездесулер, психодиагностикалық тестілер арқылы оларды әлеуметтендіруге ықпал етуде.