Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ЖБО камераларының көмегімен 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелген

Қызылордада жыл басынан бері ЖБО камераларының көмегімен 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелген, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысының полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды ластау мәселелерінің алдын алу үшін тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізуде.

Қала тұрғындары арасында ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың бірі – қоршаған орта тазалығына немқұрайлы қарау, яғни қоқыстарды белгіленбеген орындарға тастау.

2024 жылдың қорытындысы бойынша облыс полицейлері қоғамдық орындарды ластағаны үшін 3734 әкімшілік құқық бұзушылықты және абаттандыру қағидаларын бұзудың 6741 дерегін анықтаған. Ал биылғы жылдың алғашқы 27 күнінде-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 373 және 505-бабы бойынша 417 құқық бұзушылық тіркелген.

Ұсақ бұзақылықтардың басым бөлігі Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы анықталып отыр. Камералардың көмегімен 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелгенін атап өту керек. Барлық анықталған деректер бойынша тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заң мен тәртіп – құқық қорғау органдарының басты қағидасы. Осыған орай полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабына сәйкес қоғамдық орындарды ластауға қатаң тыйым салынатынын еске салады.

Полиция Қызылорда облысының тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға құрметпен қарап, оның тазалығын сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру