Қызылордада ЖБО көмегімен автокөлік ұрысы анықталды
Қызылордада Жедел басқару орталығының көмегімен автокөлік ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9-10 ақпан күндері белгісіз адам Жаппасбай батыр – Қорқыт ата көшелері қиылысында Daewoo Nexia және Қазақстан көшесінің жеке меншік үйдің алдында тұрған Niva-2121 автокөліктерінің есігін кілт іріктеу арқылы ашып кіріп, белгісіз бағытқа айдап кеткені жөнінде 102 арнасына хабарлама келіп түскен.
Жедел басқару орталығының бейнекамераларының көмегімен қылмыскер көпқабатты үйлердің ауласында ұрланған автокөліктерді жасырғаны белгілі болды. Кезекшілікке түскен Боран-9 қызметкерлері оқиға орнына жіберіліп, қылмыскер құрықталды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын – 2 млн жуық.
Орын алған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабының 1-бөлігімен (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (айдап кету)) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайлары анықталуда. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы таңдалды.