Қызылордада Жеңістің 80 жылдығына орай үстел теннисінен тартысты сайыс өтті
Сыр өңірінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай іс-шаралар легі жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күні және "Динамо” спорт қоғамының 100 жылдығына арналған Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері мен зейнеткерлері арасында үстел теннисінен турнир өтті.
Спорттық бәсекеге полиция департаментінің басшылығы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Артаев, департамент қызметкерлері мен ардагерлер қатысты.
Полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
- Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізі. Қандай спорт түрі болсын халқымыз қайсарлық пен жігерлігімен көзге түсіп, сан сайыста жеңіс тұғырынан көрініп келуде. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, әнұранымызды өзге ұлт өкілдеріне тыңдатқан спортшыларымыздың қатары өз арамызда да аз емес. Бүгінгі күні полиция департаменті және "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамының Қызылорда облыстық филиалы тарапынан біздің қызметкерлер үшін спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстану үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мұндай жарыстар қызметкерлер арасында спортты дамыту, салауатты өмір салтын ұстану, даңқты дәстүрлерді, командалық рухты нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Қатысушы барша командаға нәтижелі де тартысты ойын, жүлделі де жарқын жеңіс тілеймін, - деді С.Ергешов.
Жарысқа қатысушылар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, әр ұпай үшін шыдамдылық пен күш-қайрат танытты. Әр соққыда күш пен нақтылық байқалды.
Турнирдің ең жасы үлкен қатысушысы ішкі істер органдарының ардагері - Пак Леонид. Спортты жанына серік етіп келе жатқан ақсақал биыл сексеннің алтысына аяқ басты.
Барлық қатысушы қызықты әрі тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жылдамдықты, шапшаңдықты және ептілікті талап ететін сайыстың нәтижесі бойынша мықтылар анықталды.
Тартысты сайыстың нәтижесінде зейнеткерлер арасында Қуан Миралиев үздік шықса, екінші орын Талғат Төрәліге, үшінші орын Молдахмет Ағыбаевқа және Рахманәліге Сахимовке бұйырды. Қызметкерлер арасында 1орынды Талаптан Алманиязов жеңіп алса, 2-орынды Мураджан Абдусамодов иеленді, ал 3-орын Әжімұрат Әбдіхалықовқа бұйырды. Әйел қызметкерлер арасында III орынды Арай Дюсенаева, II орынды Инабат Болатқызы, I орынды Жанат Сейдахметова жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталды.