Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы брифинг өткізді

Қызылордада «Құқық тәртібі» шарасы туралы Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы брифинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

23 желтоқсанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраевтың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Қылмыстың алдын алу, ізін суытпай ашу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол апаттылығын болдырмау мақсатында ағымдағы жылдың 22 – 24 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Құқық тәртібі» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шара кезінде, яғни бір тәулікте полиция қызметкерлерімен сегіз қылмыстың беті ашылды. Ішкі істер органдарында есепте тұрған тұлғалардың 241-і тексерумен қамтылды. Бұрын жасалған екі ұрлық қылмысы ашылды (біреуі мал ұрлығы).
Облыс бойынша барлығы 273 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, оның ішінде, қоғамдық орындарда масаң күйде болған 26 адамға, түнгі тыныштықты бұзған 11, алкоголь өнімдерін сату тәртібін бұзған үш азаматқа қатысты әкімшілік істер қозғалды.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауа райының күрт өзгеруіне байланысты полиция қызметкерлерімен жүргізушілерге автокөліктерінің техникалық жағдайына аса мән беріп, қысқы шиналарын тағып, ауа райының қолайсыздығы жөнінде ұялы телефонға келген хабарламаларға назар аударып, жолда жүру ережелерін сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер арқылы да өткізілуде. Жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсетілуде.

Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында «Самара-Шымкент» тас жолының Түркістан облысы бағытында жеті жол – көлік оқиғасы орын алып, бір жүргізуші медициналық мекемеге жеткізілді. Жүргізушілерге материалдық шығын келтірілді.

Соңғы тәулікте 48 жүргізуші жылдамдық асырып, автокөлікті мас күйінде басқарған төрт жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты жүргізушілерден жол жағдайын ескеріп, жылдамдықты асырмай, жолға шығарда көліктің техникалық жағдайының қысқы маусымға дайындығына тексеру жүргізіп, жолда ерекше сақтық танытуға шақырамыз.

• Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың профилактикасы полицияның басым бағыттарының бірі болып табылады.
Балаларын тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған 74 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар қауымының қатысумен онлайн түрде, яғни «ZOOM» байланысы арқылы дәрістер өткізілуде. Дәрістерге жалпы 900-ден астам тыңдаушылар қатысты.

Кәмелетке толмағандар мен жастарға қарсы және олармен жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада», «Ата-ана – Жасөспірім – Көше», «Тұрмыс», «Квадрат», «Учаске» профилактикалық іс-шаралары өткізілді.

Іс-шаралар нәтижесімен қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 176 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, түнгі уақытта (сағат 23:00-ден кейін) заңды өкілінсіз жүрген 2717 жасөспірімнің ата-аналарына қатысты әкімшілік шара қолданылды.

• Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау мәселесі бүгінгі күні өзекті болып отыр. Ағымдағы жыл басынан табиғат қорғау саласындағы заң бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік күшейтілді.
Экологиялық құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, ескерту, жолын кесу және анықтау бағытында 577 құқық бұзушылық тіркелді (38 қылмыстық және 539 әкімшілік құқық бұзушылықтар).

Оның ішінде, аң аулау қағидаларын бұзған 330, балық аулау қағидаларын бұзған 155, кесуге тыйым салынған, яғни сексеуіл ағашын зақымдаған, кескен 12 және осы сексеуіл ағашын заңсыз тасымалдаған 42 азаматқа қатысты әкімшілік шаралар көрілді.

Осыған байланысты, табиғат қорғау саласында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жыл басынан «Браконьер», «Киік», «Уылдырық», «Таза Қазақстан» және «Шырша» профилактикалық іс-шаралары өткізілуде.

• Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы заңнамаға біршама өзгертулер енгізілді.
Бұл түзетулер отбасы шырқын бұзатын адамдарға қатысты жазаны күшейту мақсатында жасалып отыр. Қазіргі таңда жұбайына зорлық-зомбылық көрсеткен тұлғаларға қатысты әкімшілік қамауға алу қарастырылған.

Жыл басынан тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 615 адамға әкімшілік жауапкершілік қарастырылса, 2472 азаматтарға қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып жұбайымен қарым-қатынаста шектеулер қойылды (ерекше талап 208). Жалпы әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың басым бөлігі отбасы тұрмыстық жағдайда орын алған, өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға төмендеген.

Бұл қылмыстардың алдын алу мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз қоғам», «Зорлық-зомбылыққа жол ЖОҚ», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Тұрмыс» жедел профилактикалық шаралары өткізіліп, шараға полиция қызметкерлерімен бірлесіп үкіметтік емес ұйымдар, волонтерлар және қоғамдық қор мүшелері жұмылдырылды.

• Келесі аса назар аударатын мәселе карантин талаптарының сақталуы. Облыста соңғы 10 күнде 40-тан астам тұрғын коронавирус инфекциясын жұқтырған.
Облыста құрылған (24) мониторингтік мобильді топтармен 912 карантин шектеулерін бұзу деректері анықталды (тойлар – 543).

Мониторингтік мобильді топтар өзінің жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының шешіміне сәйкес, 2020 жылғы
25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен корпоративтерді өткізуге тыйым салынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру