Қызылордада жол ережесін бұзудың 6 мыңға жуық дерегі анықталды
Қызылордада жол ережесін бұзудың 6 мыңға жуық дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 ақпанда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Марат Рахметовтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
Жол апаттарының алдын алу мақсатында осы жылдың 9-11 ақпан аралығында “Қауіпсіз жол” профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылуда.
Іс-шараның басты мақсаты – жол апаттылығының алдын алу, жол инфрақұрылымына тексеру жүргізіп, кемшіліктер бойынша құзырлы органдарға ұсыным беру, көлік құралдарының жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар атқару.
Жалпы, жыл басынан жол апаттылығының алдын алу бағытында жол ережесін бұзудың 5 982 дерегі анықталды, оның ішінде жол көлік оқиғасына тікелей әсер ететін 2848 өрескел бұзушылық тіркелді. Атап айтқанда, көлік құралын алкогольдік мас күйінде басқарған – 104, қауіпсіздік белдіксіз – 312, ұялы телефонмен сөйлескен – 165, жолдың қарсы бағытына шыққан – 7, жаяу жүргіншіге жол бермеген – 120, жылдамдық асырған 2084 жүргізуші және жол ережелерін бұзған 56 жаяу жүргіншілерге әкімшілік шара көрілді.
Жылдамдықты асырған 2084 дерегі қалада орнатылған автоматтандырылған жүйелермен анықталған.