Қызылордадағы ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға шығармашылық тренинг өтті
Қызылордадағы ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға шығармашылық тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің 37-мекемесінде ерекше психологиялық шара ұйымдастырылды. Мекеме психологы Ақгүл Аманованың бастамасымен жазасын өтеушілер сурет салып, шығармашылық арқылы ішкі сезімдері мен ойларын қағаз бетіне түсірді.
Әр сотталған өз тақырыбын таңдады: бірі табиғат көрінісін бейнелесе, енді бірі үйдің суретін салды. Бұл олардың сағынышын, арман-тілегін және болашаққа деген сенімін айқындай түсті.
Психолог Ақгүл Аманова шараның мән-маңызына тоқталып:
– Біз сотталғандармен күнделікті психологиялық жұмыс жүргіземіз. Ал шығармашылық жаттығулар адамның ішкі жан дүниесін ашуға, ойын еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Сурет салу – әркімнің өзінше сыр бөлісу тәсілі, – деді.
Жазасын өтеушілердің бірі өз әсерімен бөлісіп:
– Мұндай іс-шаралар біз үшін аса маңызды. Сурет салып отырған сәтте өзімізді еркіндікте жүргендей сезінеміз. Мен үйдің суретін бейнеледім. Ол – отбасымды сағынғанымды әрі бостандыққа деген сенімімді білдіреді, – деп ойымен бөлісті.
Шараның басты мақсаты – жазасын өтеушілердің психологиялық жай-күйін жақсарту, сондай-ақ оларды қоғамға бейімдеуге қолдау көрсету.