Қызылордадағы түзеу мекемесінде 20 жылға сотталған азамат отбасын құрды
Қызылордадағы түзеу мекемесінде 20 жылға сотталған азамат отбасын құрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің түзеу мекемелерінде мыңға жуық сотталған жазасын өтеп жатыр. Бас бостандығынан айырылғандар арасында отбасын құрғандар да кездеседі. 2024 жылдың 6 айында 26 сотталған отбасын құрған. Жуырда тағы бір сотталған үйленді. Ол қарақшылық және кісі өлтіру бабымен 20 жылға сотталған. Қазіргі таңда №60 мекемеде жазасын өтеп жатыр.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Отбасылы болып жатырмын. Сотты болмай тұрып, қыз бен жігіт болып жүргенбіз. Болашаққа жоспарым көп. Бізге мекемеде түрлі психологиялық тренингтер өткізеді. Осы тренингтерге қалмай қатысамын. Жұмысым да бар. Мекеменің өндіріс аймағындағы кірпіш цехында жұмыс жасаймын. Жалақымды енді отбасыма жіберіп тұратын боламын, – деді сотталған азамат.
– Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер некеге тұру үшін мекеме заңгерлерінен кеңес алып, өтініштерін жазады. Одан соң АХАЖ мамандары жазған өтініштері негізінде олардың некесін қиып, неке куәліктерін табыстайды. Бас бостандығынан айыру орындарда неке қию сотталғандарға оң әсер етеді. Сотталған отбасылы болған соң, мерзімінен бұрын босатылып шығуы үшін тәртібін дұрыстайды, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Сондай-ақ қоғамда өз орнын табуға және түзеу мекемесінен шыққан соң отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Өтініш берген жазасын өтеушілер арасында ұзақ жыл бірге тұрып, некеге тұрмағандар да кездесіп жатады, – дейді №60 мекемесінің заңгері Ардақ Измағанбетова.