Қызылордадағы түзеу мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде
Қызылордадағы түзеу мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №60 түзеу мекемесінде сотталған азаматтарды еңбекке тарту арқылы олардың өмірге деген көзқарасын өзгерту және түзелуіне жағдай жасау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Мекеменің өндірістік аймағында бос тұрған ғимараттар сенімгерлік басқаруға берілген. Нысанды жалға алу тегін, яғни 0%-ды құрайды. Жалға алушылар тек пайдаланған су мен электр қуатына ғана төлем жасайды. Сонымен қатар өндіріс орнына күзетші жалдаудың қажеттілігі жоқ, өйткені мекеменің қауіпсіздігі қамтамасыз етілген. Сотталғандар арасында кәсіби білікті жұмысшылар жеткілікті, ал олардың еңбекақысы белгіленген мөлшерлеме бойынша төленеді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 119-бабының 1-бөліміне сәйкес, сотталған азаматтардың еңбек етуге құқығы бар. Бұл заңды жүзеге асыру аясында мекеменің өндірістік аймағында кәсіпкерлікпен айналысып, сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған 12 жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істеп келеді.
Соның ішінде «Еңбек» РМК-ның «Еңбек-Қызылорда» филиалы газаблок, пескаблок, бетон, дәнекерлеу, тігін және қолөнер цехтары бойынша өз өндірістік қызметін табысты жүргізуде.
Сотталғандарды еңбекке тарту – түзелу жолына бастайтын қадам.
– Сотталған азаматтарды жұмысқа орналастыру кезінде олардың жас ерекшелігі, денсаулық жағдайы және еңбекке қабілеттілігі ескеріледі. Қазіргі таңда мекеменің өндірістік аймағында 463 сотталған азамат тұрақты жұмыс істеп, жалақыларын уақытылы алуда, – дейді сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің аға инспекторы А. Абдреймова.
Бұл жұмыстардың басты мақсаты – сотталғандардың тек сот шығындарын өтеуіне және отбасыларына қаржылай қолдау көрсетуіне ғана емес, сонымен бірге олардың қоғамға бейімделіп, түзелу жолына түсуіне ықпал ету. Жұмысқа тарту – оларға тек материалдық қолдау ғана емес, өмірге жаңа серпін беретін мүмкіндік.
Қызылордадағы түзеу мекемесінде жүзеге асырылып жатқан бұл бастамалар еңбек арқылы адамды тәрбиелеу мен қоғамға қайта бейімдеу ісінің айқын үлгісі болып табылады.