Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер құрылыс материалын өндірумен айналысуда
Қызылордадағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілер құрылыс материалын өндірумен айналысуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер еңбекпен қамтылып, түрлі кәсіпті меңгеріп жатыр. ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде бүгінде барлық сотталғандар ақылы жұмысқа тартылған. Олар газоблок, кірпіш, құм блоктарын өндірумен қатар, көлік жөндеу мен тігін цехтарында да еңбектенуде.
Мекеме қаладағы 20-дан астам кәсіпкермен әріптестік орнатқан. Бұл ынтымақтастық жазасын өтеушілерге еңбек арқылы түзелуге, қоғамға пайдалы болуға жол ашып отыр. Қазір 3 жеке кәсіпкердің қарамағындағы 20-ға жуық азамат құм блоктарын өндірумен айналысады. Өндіріс цехында күн сайын 500-600 дана құрылыс материалы дайындалады.
Жұмыс барысында әркімнің рөлі маңызды: бірі су тасиды, бірі қоспа дайындайды, ал енді бірі дайын массаны қалыпқа құяды. Ұжымдық еңбектің нәтижесінде сапалы өнім шығып, сұраныс үдеген.
– Құмнан кірпіш өндірісі – төзімділік пен ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Құрылыс материалы цемент, құм және қиыршық тастан дайындалады. Жылу ұстамдылығы мен беріктігі жоғары бұл блок тұрғын үй құрылысына кеңінен қолданылады, – дейді жазасын өтеуші.
Тағы бір азамат: "Мен жол-көлік оқиғасы үшін сотталдым. Өкінемін. Бұл жерден мамандық меңгеріп, жаңа өмірге дайындалудамын. Мекеме әкімшілігі қолдау көрсетіп, жұмысқа орналастырды. Жалақымыз уақытында төленеді. Еңбектің қадірін енді түсініп жатырмын", – деп ағынан жарылды.
Мұндай бастамалар – тек қылмыстық жазаны өтеу ғана емес, қоғамға қайта оралу жолындағы сенімді қадам. Еңбекке баулу арқылы сотталғандар өмірдің жаңа бағытын табуға, өз орнын қайта табуға мүмкіндік алуда.