Қызылордалық алаяқ аудан тұрғынын 700 мың теңгеге алдап соққан
Қызылордада «ҚазТрансГаз» мекемесіне қызметке орналастырамын деген алаяқ аудан тұрғынының 700 мың теңгесін қалтасына басқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 наурызда Қызылорда қалалық Полиция басқармасына алаяқтың құрбаны болған аудан орталығының 36 жастағы тұрғыны арызданды.
Мән-жайды анықтау барысында 2020 жылдың 13 наурызында белгісіз азаматтың оған «ҚазТрансГаз» мекемесіне жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, 700 000 теңге ақшасын алып кеткені белгілі болды. Бірақ көп ұзамай ақшаны алған азамат телефон қоңырауларына жауап бермей, қашқақтай бастаған.
Алаяқты ұстау мақсатында полиция қызметкерлері барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде облыс орталығының 1986 жылы туған тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.