Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордалық ІІО ардагері: «Кейінгі буын адал еңбек етуге тырысса деймін»

Полиция қызметкерлері күніне орай Polisia.kz сайтының редакциясы Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, 80 жастағы ақсақал, полиция майоры шенінде зейнетке шыққан  Жақсылық Алмағанбетов туралы аз-кем мәлімет беріп өтуді жөн көрді. 

Ішкі істер органдарын құқықтық тәртіпті сақтауға үлкен үлес қосқан ардагерлерсіз елестету мүмкін емес. Кешегі капитан мен лейтенант шеніндегі ардагерлер, көптеген жылдар бойы ішкі істер органдарында жұмыс істеген полиция қызметкерлері бүгінгі таңда жастарға үлгі болар құрметті демалыстағы зейнеткерлер. Олар кеңес полициясындағы қызмет еткен жылдары туралы еш ұмытпайды.

Жақсылық Алмағанбетов 25 жыл құқық қорғау саласында қызмет жасап, құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер.

Ол 1943 жылы 15 тамыз күні Қызылорда облысы Арал ауданы, Қаратерең ауылдық округінде дүниеге келген. Қарағанды милиция мектебін үздікке бітірген.

1960-1962 жылдары Арал қаласындағы техникалық училищесінде кеме жүргізуші механик мамандығын бітірген. 1962-1965 жылы күз айында әскер қатарына шақыртылып, әскери борышын өтеп келген. 1968 жылы 15 тамызда Ішкі істер органына қызметке қабылданған.

Еңбекпен түзеу мекемесінде кадр бөлімінің аға инспекторы, оперативті инспектор, отряд бастығы қызметін атқарған. Сонымен қатар ІІБ-де штаб аға инспекторы, арнаулы комендатура бастығы қызметтерін атқарып, майор шенімен 1993 жылы зейнетке шыққан. 2011 жылдың 1 қазанынан бастап қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы болып бекітіліп, қоғамдық қызметке атсалысып келеді.

– Жалпы полиция болу – форманы киіп алып, қызметіңді асыра пайдалану емес, елге қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару ең маңыздысы. Полиция – жұртшылыққа, елге жақсы қасиеттерімен, жанашырлығымен, қамқорлығымен есте қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түспек, – дейді зейнеткер.

Өзінің егде жасына қарамастан, ол әлі күнге дейін жастар үшін тәлімгер. Жас кадрлардың қалыптасуы мен дамуына ардагерлердің қосқан үлесі баға жетпес. Құқық қорғау органдарындағы қызметі кезінде көптеген наградалармен, бірнеше мәрте «ҚР ІІМ Құрметті ардагері» медалімен, Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мұндай қиын жұмыста жақындардың қолдауы өте маңызды. Жары Күнқияш Алмағанбетова  апамызбен отасқандарына биыл 57 жыл. Күнқияш Алмағанбетова күзет департаментінде бас бухгалтер қызметін атқарып, зейнетке шыққан.

Адал еңбек арқасында құрметке бөлінген ардагер бүгінгі таңда 1 ұл және 3 қыз баланың әкесі, 6 немере мен 5 шөберенің атасы.

– Халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі қашанда басты назарда тұрады. Соған орай біздің негізгі міндетіміз халық сенімін барынша иеленіп, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Бұл біздің қызметімізді бағалаудың негізгі өлшемі. Ал ол отансүйгіштіктен бастау алады. Тәртібі қатаң, адамның төзімін сынайтын құқық қорғау саласының қоғамдық қызметтегі жүгі ауыр. Кейінгі буын осыны саналарына түйіп, адал еңбек етуге тырысса деймін. Ел тыныштығын қорғаудағы полиция қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары бағалана берсін, – дейді құрметті ардагер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру