Қызылордалық оқушылар заманауи полицияның тыныс-тіршілігімен танысты
Қызылордалық оқушылар заманауи полицияның тыныс-тіршілігімен танысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастар арасында тәрбие жұмысын жандандыру және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Қызылорда қаласында "Біз өмірді таңдаймыз!" ұранымен ауқымды танымдық акция ұйымдастырылды.
Іс-шараға "Orda school" мектебі мен №144 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. Акция Қызылорда облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастамасымен өтті.

Шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыра отырып, олардың бойында қауіпсіздікке деген жауапкершілік пен заңға құрмет сезімін қалыптастыру.
Бағдарлама профилактикалық және құқықтық ағарту жұмыстарымен басталды. Басқарма қызметкерлері жасөспірімдерге есірткі және психотроптық заттардың адам ағзасына тигізер ауыр зардаптары, тәуелділіктің тез қалыптасуы туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар есірткінің заңсыз айналымына қатысқаны үшін көзделген қылмыстық жауапкершілікке ерекше назар аударылды. Тәртіп сақшылары есірткі курьері болу немесе тыйым салынған сайттарды жарнамалайтын "граффитист" ретінде күмәнді жұмыстарға тартылудың қауіпті әрі қайғылы салдары бар екенін нақты мысалдар арқылы жеткізді. Оқушыларға "оңай олжа" іздеудің соңы қатаң жазаға әкеліп, болашаққа балта шабатыны ескертілді.
Іс-шара аясында оқушылар ведомстволық музейді аралап, қазақстандық полицияның қалыптасу тарихымен, қызметтік борышын өтеу барысында ерлік көрсеткен батырлардың өмір жолымен танысты. Бұдан кейін олар жедел басқару орталығына барып, заманауи технологиялар мен бейнебақылау жүйелері арқылы қаладағы қоғамдық тәртіптің қалай қадағаланатынын және патрульдік қызметтің қалай үйлестірілетінін өз көздерімен көрді.

Күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері ұйымдастырған қару-жарақ пен арнайы жабдықтар көрмесі болды. Оқушылар атыс қаруларының заманауи үлгілерімен, арнайы құралдармен, жауынгерлік киімдер мен қорғаныс құралдарымен жақын танысты. Сондай-ақ қызметтік автокөліктер мен брондалған техникалардың мүмкіндіктері таныстырылып, олардың атқаратын қызметі туралы жан-жақты мәлімет берілді.
Осындай танымдық кездесулер жасөспірімдердің полиция қызметкерін тек қатаң тәртіп сақшысы ғана емес, кәсіби білікті маман әрі қоғамның сенімді қорғаушысы ретінде қабылдауына ықпал етеді. "Біз өмірді таңдаймыз!" ұраны бұл жолы қатысушылар үшін жай сөз емес, заңдылық пен қауіпсіздікті таңдаған саналы ұстанымның айқын көрінісіне айналды.
