Қызылордалық полицейлер «102» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырады
Қызылордада полицейлер «102» мобильді қосымшасын пайдалануға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2019 жылдың басынан бастап Ішкі істер министрлігі ішкі істер органдарын жаңғырту жұмыстарын бастады.
«Елдегі қазіргі жағдай құқық қорғау органдарына жаңа талаптар қояды, олар азаматтардың сұраныстарына жауап беруі керек» деп атап өткен ел Президенті 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында полицияны реформалау бойынша нақты міндеттер қойды.
Министрліктің алдында тұрған міндеттердің бірі – заманауи, технологиялық, азаматтардың сеніміне ие ішкі істер органдары жүйесін құру болып табылады.
Бүгін «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығында ресми түрде азаматтарға ыңғайлы жаңа сервис – «102» мобильді қосымшасы іске қосылды.
Жедел басқару орталықтарының «102» арнасы арқылы полицияға былтырғы жылы 40 мыңнан астам хабарлама, биылғы жылы 4000-ға жуық хабарлама келіп түскен.
Ішкі істер министрлігінің «102» мобильді қосымшасы оқиға орнынан қысқа хабарлама, сондай-ақ фото, видео жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қосымша арқылы бейнеқоңыраулар жасауға болады. Бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері автоматты түрде анықталады, ал ЖБО операторлары жасалған құқық бұзушылықты өз көзімен көріп, дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады.
Қазіргі таңда мобильді қосымша арқылы үш хабарлама келіп түсті.
Қосымшаның көмегімен полицияның қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюы, қылмыстарды ашудағы тиімділік артады және көптеген құқық бұзушылықтардың алдын алуға болады.
«102» мобильді қосымшасын «Play Маrкеt» және App Store қосымшалары арқылы тегін жүктеп алуға болады.