Қызылордалық полицейлер «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды
Қызылордада өрт шыққан пәтерден тұрғындарды аман-есен алып шыққан полицейлер «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қызылорда полициясына 22 сәуір күні қала орталығында орналасқан көпқабатты Шұғыла мөлтек ауданы №17 үйдің 2-қабатындағы 58 пәтерде өрт шықты деген хабарлама келіп түскен.Қою түтін арасынан жол тапқан сақшы Қазбеков Мұрат пен әріптесі екеуі лаулаған от көрші пәтерлерге таралып кетпес үшін тез сөндіруге кіріседі.
Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келгенге дейін полицейлер тұрғындарды эвакуациялап, адамдарды құтқару жұмыстарын шебер ұйымдастырған.
Атқарған қызметі мен ерлігінің арқасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұйрығына сәйкес «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
– Адамдарды апаттан құтқарып қалу – біздің қызметтік те, азаматтық та парызымыз. Біз сол сәтте ерлік жасайық, көзге түсейік деп ойлаған жоқпыз. Бар мақсатымыз – адамдарға көмектесу, – дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Мұрат Мейрамбекұлы.